Ақтауда жүкті әйелдерге арналған жәрдемақыны заңсыз рәсімдеген бухгалтер сотталды

2 Сәуір 2026

Ақтау қаласында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты.

canva
canva

Істі Қаржылық мониторинг агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті тергеген.

Тергеу барысында бухгалтер өзінің кәсіби білімін пайдаланып, жүкті әйелдерді қолдауға арналған әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Ол Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жөніндегі маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін ұлғайтып беруге уәде еткен.

- Аталған схеманы іске асыру үшін күдікті туыстары мен таныстарының атына нақты қызмет жүргізбеген бірнеше жеке кәсіпкер тіркеген. Олардың және тартылған тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдалана отырып, бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар, есеп айырысу тізімдемелері, еңбек шарттары және өзге де бухгалтерлік құжаттарды рәсімдеген. Осылайша, заңды еңбек қатынастары бар деген жалған көрініс қалыптастырылған, - деп түсіндірді ведомстводан.

Жалған мәліметтердің негізінде уәкілетті органдар тарапынан жәрдемақылар негізсіз жоғары мөлшерде тағайындалған. Кейбір кәсіпкерлер төлемдерді алғаннан кейін бұрын аударылған зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды кері қайтаруды рәсімдеген.

Нәтижесінде мемлекетке 146 млн теңге көлемінде залал келтірілген.

Тергеу дерегінше, қылмыстық жолмен алынған қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алынып, оған тыйым салынған.

Сот үкімімен айыпталушы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар аталған пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енді.

Тегтер: