Ақтөбедегі Сазды өзені арнасынан асып жатыр

28 Наурыз 2024

Ақтөбе қаласының ортасындағы Сазды өзенінде сел жүріп, су арнасынан асып жатыр. Қалада төтенше жағдайлар қызметі, әскерилер мен полиция, жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеп жатыр. 

Ақтөбедегі Сазды өзені арнасынан асып жатыр
су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оқиға бүгін тіркелді. Таңнан бастап қаланың қақ ортасымен өтетін Сазды өзенінде сел қозғалып, судың ағып кетуіне кедергі келтірді. Салдарынан өзен арнасынан асып жатыр.

— Қаламыздың ортасынан өтетін Сазды өзенінде мұз кептелістері қиындық туғызып жатыр. Мұз кептелісін жою мақсатында жергілікті атқарушы орган, әскери қызметкерлер, ТЖД, полиция қызметкерлерінен 157 жеке құрам, 50-ден аса техника жұмылдырылды. Қалыңдығы – 40-50 см. Бірінші кезекте өзенді мұздан тазалау жұмыстары қолға алынып жатыр. Байқағанымыздай, өзен жағасынан су тасып жатыр. Құм, инертті материалдар үздіксіз тасымалданады. Әскерилер қапқа құм толтырып, жағаларды бекіту жұмыстарына кірісті,-  деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов. 

Сазды өзені арнасынан асып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, су Сазды су қоймасынан келіп жатыр. Қазір сыйымдылығы 7,5 млн текше метр болатын су қоймасы толып, далалықтан келген су түгел осы өзен сағасы келіп жатыр. Су ағып, Елек өзеніне құюы тиіс.

Тегтер: