Алакөлде 300-ден астам заңбұзушылық тіркеліп, полиция күшейтілген режимге көшті

16 Шілде 2025

Алакөлдің Абай облысындағы жағалауында полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

ҚР Үкіметі
ҚР Үкіметі

Туристік маусым басталғалы басты күш қоғамдық тәртіпті сақтап, санитарлық қауіпсіздік пен көпшіліктің жайлы демалысын қамтамасыз етуге жұмылдырылған болатын.

Полиция қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерімен бірлесіп, тұрақты түрде рейд жүргізіп келеді. Бұл ретте басты басымдық – заң бұзу әрекеттерінің алдын алу, заңсыз саудамен күрес және жағалауды ластау әрекеттерінің жолын кесу болды.

- Жаз айы басталғалы 300-ден астам құқықбұзушылық тіркелген. Олардың ең көбі, яғни 141 жағдай қоғамдық орынды ластаумен байланысты, - деп хабарлады Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар тыйым салынған аумақта мал жаюдың 74 жағдайы, рұқсат етілмеген жерде сауда жасаудың 22 фактісі анықталды, 15 жағдайда аймақты абаттандыру тәртібі бұзылған. Сондай-ақ ішімдік ішіп көлік жүргізген 13 жүргізуші ұсталса, 7 адам көлікті ешқандай құжаттарсыз басқарған, жаяу жүргіншілер 8 рет тәртіп бұзған.

- Демалушылармен қоғамдық тәртіпті сақтап, қоршаған ортаға қамқорлық таныту туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр,- деп қосты ведомство өкілдері.

Полиция азаматтарды Алакөлдің ерекше табиғатын қалпында сақтап, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көпшілік ортада өзін дұрыс ұстап, тазалық сақтауға шақырып отыр.

Тегтер: