Әлемге танымал «Атлетико Мадрид» футбол клубының академиясы Қазақстанда ашылмақ

20 Қыркүйек 2024

Бұл Испан клубының ТМД және Орталық Азия аумағындағы алғашқы ресми академиясы болмақ.

efecomunica.efe.com
efecomunica.efe.com

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында бұқаралық спортты дамыту, халық саулығын жақсарту және балалар мен жасөспірімдер футболын ілгерілетуге аса назар аударған болатын.

Осыған сәйкес, 2023 жылы DOSCAR GROUP компаниясы Қазақстан Республикасының Испаниядағы елшілігімен бірлесіп, испандық "Атлетико Мадрид" футбол клубымен келіссөздер жүргізе бастаған.

Бір жылдан астам уақытқа созылған келіссөздің нәтижесінде 10 жылдық мерзімге жоспарланған келісімшартқа жуырда қол қойылды. Футбол клубының академиясы Талғар қаласындағы "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығының базасында орналасатыны айтылуда. 

Бұл Орталық Азиядағы осындай алғашқы жоба болмақ, деп жазады испандық жаңалықтар агенттігі EFEComunica.

DOSCAR GROUP өкілдерінің хабарлауынша, жыл бойы испандық клуб басшылығымен белсенді келіссөздер жүргізіліп, жобаға барлық мүдделі тараптарды тарту мүмкіндігі туды. 2024 жылы Қазақстанда "Атлетико Мадрид" балалар мен жасөспірімдер академиясын құру туралы тарихи келісімге қол қойылды. Бұл Испан клубының ТМД және Орталық Азия аумағындағы алғашқы ресми академиясы болмақ.

2024 жылдың маусым айында "Атлетико Мадрид" футбол клубының президенті Энрике Сересо Қазақстанға келіп, жобаға қатысты Мемлекет басшысымен кездескен болатын. Кездесу нәтижесінде академия "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығының аумағында орналасатыны туралы келісімшартқа қол қойылды. Академия болашақ футбол жұлдыздарын дайындайтын бірегей орталыққа айналады деп күтілуде.

"Атлетико Мадрид Қазақстан" Академиясы өз алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Әлемдік футбол қауымдастығы мойындаған әдістемелерге негізделе отырып, сапалы білімін беру басты міндет деп тануда. Испаниядан келген кәсіби жаттықтырушылар әр тәрбиеленушімен жеке жұмыс жасап, олардың техникалық және тактикалық дағдыларын дамытуға атсалыспақ.

Академияның негізгі жаттықтырушылар құрамы Испаниядан келген сертификатталған мамандардан тұрады, бұл өз кезегінде дайындық жаттығуларын барынша жоғары деңгейде өткізуге септігін тигізбек. Қазақстанның барлық өңірлерінен мен Орталық Азиядан балаларды іріктеуді тікелей испандық жаттықтырушылар мен мамандар жүргізетін болады. Осылайша, дарынды балалардың арасынан ең үздіктер анықталып, оларға Еуропаның ойын алаңдарында өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берілмек.

Қазақстанның барлық өңірлерінен іріктелген балалар осы академияда білім алып, жаттығады. Оқушылардың бір бөлігіне тегін білім алу үшін гранттар беріледі. Ең үздік тәрбиеленушілер Испаниядағы "Атлетико Мадрид" клубының базасында оқуын жалғастыру және танымал клубта жаттығу мүмкіндігіне ие болады, бұл олардың халықаралық аренадағы болашағын одан әрі кеңейте түсері сөзсіз.

Академия заманауи жаттығу және оқу базаларымен жабдықталады: табиғи және жасанды жамылғысы бар алаңдар, заманауи жаттығу залдары, мультимедиялық оқу сыныптары, оңалту орталықтары, киіну бөлмелері, демалыс аймақтары, жас футболшыларға арналған қонақүй кешені және жатақхана да қарастырылған. Академия базасында жас спортшылардың халықаралық жарыстарға бейімделуін жеңілдету үшін ағылшын және испан тілдерінен курстар ұйымдастырылады. Мұның барлығы болашақ футбол жұлдыздарын тәрбиелеуге оңтайлы жағдай жасаудағы маңызды қадам.

"Қазақстанда академиямызды ашу – бұл кезекті жоба емес, бұл футбол әлеміндегі нағыз төңкеріс деуге де болады. Біз қазақстандық балалардың зор әлеуетке ие екеніне сенімдіміз, біздің академия болашақта ұлы футболшылардың ордасына айналады. Біз мұнда өз әдістемемізді, тәжірибемізді және жеңіске деген бұлжымас ұмтылысымызды алып келіп, елдегі футбол спортының деңгейін жаңа биікке көтереміз", - дейді "Атлетико Мадрид" клубының Академияны дамыту және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Эмилио Гутьеррез Болоуза.

Тегтер: