Әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға жаңа лауазымдар енгізіледі
Ашық НҚА порталында «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кейбiр бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығы жобасы жарияланды.

Құжатқа сәйкес, ең төменгі штаттық нормативтерді қайта қарау бөлігінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына мынадай өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі:
— директордың медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары,
— аға мейіргер лауазымдары;
— қажет болған жағдайда дезинфекторы, су сорғы стансасының машинисі (мотористі), электр газбен дәнекерлеуші лауазымдары;
— жүргізушімен автокөлікті жалға алу туралы шарт болған кезде жүргізуші лауазымы талап етілмейді;
— күзетші лауазымы қызмет көрсету және/немесе «Күзет» қауіпсіздік жүйесіне қосылу жөніндегі күзет ұйымымен шарт болған кезде талап етілмейді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерге тарифтерді қалыптастыру қағидалары мен әдістемесінде арнаулы әлеуметтік қызметтерге тарифтерді айқындау мен қалыптастыру қайта қаралады. Қосымша ақыларды, оның ішінде демалыс, мереке күндеріндегі жұмыс үшін және басқа да төлемдер көзделеді.
Бұйрық жобасы 18 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.