Алматы облысында пәтер ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды

6 Сәуір 2026

Қаскөйлер алтын бұйымдарды, ақша және басқа да құнды заттарды ұрлап, жалпы 21 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

polisia.kz
polisia.kz

Ішкі істер министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі - пәтер ұрлығына қарсы іс-қимыл.

Алматы облысында 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап пластикалық терезелерді күшпен ашу арқылы ұрлық жасаған пәтер ұрылары ұсталды.

Қаскөйлер алтын бұйымдарды, ақша және басқа да құнды заттарды ұрлап, жалпы 21 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 20 наурызда криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олардың тоғыз пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды.

Пәтер ұрлығымен айналысқан тағы бір қылмыстық топ 24 наурызда Алматы облысы аумағында ұсталды.

Олардың есебінде үш қылмыс бар. Бұл топта 14 және 17 жастағы жасөспірімдер болған. Тұрғын үйлерді қылмыстық әрекеттерден қорғау үшін ІІМ азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

• сапалы құлыптары бар сенімді есіктерді орнату;

• төменгі және жоғарғы қабаттардағы терезелерге торлар қою;

• заманауи қауіпсіздік құралдарын пайдалану: дабыл, бейнебақылау жүйелері, сондай-ақ күзет ұйымдарының орталықтандырылған бақылау пультіне қосылу;

• әлеуметтік желілерде құнды заттар және олар қойылған жер туралы ақпарат жарияламау;

• ірі көлемдегі ақша мен зергерлік бұйымдарды қолжетімді жерлерде сақтамау.

Тегтер: