Алматы полицейлері алаяққа 4 миллион теңге аудармақ болған жігітке тосқауыл болды

9 Қыркүйек 2025

Алматы полицейлер ірі көлемдегі интернет-алаяқтықтың алдын алды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Алматы полициясы
Алматы полициясы

Кезекші бөлімге жергілікті тұрғын жүгініп, 21 жастағы ұлының жоғалып кеткенін хабарлаған. Жас жігіт өзімен бірге алтын бұйымдар мен жинаған ақшаны алып, үйінен шығып кеткен. Ол бірнеше сағат бойы байланысқа шықпаған.

Ата-анасы оның компьютеріндегі күмәнді хат алмасуды байқап, бірден полицияға жүгінген. Полиция қызметкерлері жігіттің орналасқан жерін анықтап, оның интернет-алаяқтардың ықпалында болғанын анықтады.

Алаяқтардың нұсқауымен ол ақшаны аудару бойынша нақты қадамдар жасап жатқан. Ол жоғалтып ала жаздаған сома 4 миллион теңгеден асқан.

— Алаяқтар азаматтарды түрлі қауіпке толы тізбектерге тарту үшін психологиялық қысым мен алдауды жиі қолданады. Күмәнді жағдай байқалған кезде бірден полицияға жүгіну өте маңызды. Бұл жағдайда біз жас жігіттің орналасқан жерін шұғыл анықтап, заңсыз әрекеттердің жолын кестік. Қазір алаяқтыққа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау шаралары жүргізілуіп жатыр, — деді Алмалы аудандық полиция басқармасының жедел кезекшісі Әділет Слямбаев.

Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында отбасының жинаған қаражатын сақтап қалды.

— Біз ұлымыздың бейтаныс адамдармен хат алмасып, олардың нұсқауымен ақша аудармақ болғанын байқадық. Дереу дабыл қағып, полицияға бардық. Осы жерде бізге көмектесті, баламызды жылдам тауып, алаяқтықтың алдын алды. Полиция қызметкерлеріне кәсібилігі мен қолдауы үшін алғыс айтамыз, — деді жігіттің әкесі.

Алматы полициясы қала тұрғындарын қырағы болуға, күмәнді интернеттегі таныстарға сенбеуге шақырады. Құзырлы орган алаяқтық белгілері байқалған жағдайда ішкі істер органдарына дереу хабарласу керегін ескертті.

Тегтер: