Алматыда 9 мыңнан астам тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алды
Алматыда 9 мыңнан астам тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.
Ол атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) уақытша сипатқа ие екенін, оның басты мақсаты – азаматтардың еңбекке белсенділігін арттыру екенін де атап өтті.
«Атаулы әлеуметтік көмек – бұл өмір бойы төленетін жәрдемақы емес, ол өмірінде қиындық болып жатқан отбасыға аяқтан қайта тұруға мүмкіндік беретін уақытша қолдау шарасы. Басты мақсатымыз – жай көмек көрсету емес, азаматтардың еңбек етуіне және әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау», – деді Бауыржан Жаубасов.
Оның айтуынша, АӘК алу үшін отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға тиіс.
Атаулы әлеуметтік көмек екі түрге бөлінеді. Біріншісі, шартсыз көмек – еңбекке араласа алмайтын азаматтарға (І-ІІ топтағы мүгедектігі бар жандарға, қарттарға күтім жасап отырған адамдарға және т.б.) тағайындалады.
Екіншісі, шартты көмек – еңбекке жарамды отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына (жұмысқа орналасу, оқыту, қоғамдық жұмыстар және т.б.) қатысқан жағдайда беріледі.
2025 жылы 1 қазанға дейін Алматыда 1 819 отбасы, яғни 9 063 адам атаулы әлеуметтік көмек алған.
«Мұндай қолдау шаралары азаматтарға уақытша қиындықты еңсеруге ғана емес, күшіне деген сенімін арттырып, жігерін жанып, отбасының тұрмысын өз еңбегімен қамтамасыз етуге жол ашады», – деп сөзін түйіндеді Бауыржан Жаубасов.