Алматыда сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды

5 Қараша 2026

Ғалымдардың болжамынша, бұл бұйым бас киімге тағылатын әшекей ретінде қолданылған.

Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында аю бейнесінде жасалған алтын мүсінше табылды. 

Алдын ала зерттеулер бойынша, оба біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға жатады. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда бұған дейін аю бейнесіндегі мұндай алтын мүсіншелер кездеспеген. Бұл олжа Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыс пен ұқсастықтарды зерттеуге мүмкіндік береді.

Қазба барысында сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары да табылды. Қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары жалғасуда. Ғылыми өңдеуден кейін аса құнды жәдігерлерді Алматы музейінде көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр.

Археологиялық қазба жұмыстары Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі тарапынан жүргізілді.

Тегтер: