Арыстанбек Мұхамедиұлы түйені түгімен жұтқанға ұқсайды

17 Шілде 2022

Антикор Нұр-Сұлтан ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда.

Ұлттық музей басшысына тағылған екінші айып – 2017-2018 жылдары аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру бойынша болып отыр.

Министрліктің хабарлауынша, Ұлттық музей «Ақпараттық ресурстардағы объектілерді танымал ету бойынша Ұлттық тізімге енгізілген нысандардың 3D моделін жасау» жобасын жүзеге асырған.

– Осы жоба бойынша орындалған жұмыстар үшін мердігер ұйымдарға Ұлттық музей 1,3 млрд теңге төледі. Ал, жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстың нақты құны 83,4 млн теңге болғанын анықтады. Осылайша, жұмыс құны негізсіз 1,2 млрд теңгеге асыра көрсетілген, бұл мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтірді, – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 28 мамырдан бері қамауда отыр. Бұған дейін оған «Алтын адамның әлем мұражайлары арқылы шеруі» халықаралық көрмесі кезінде жұмсалған 146 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылған.

Мұхамедиұлымен ішінара байланысты тағы бір дерек – Алматыдағы су және қолданбалы спорт түрлерінен республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің қарамағындағы ғимаратты арзан бағамен иеліктен шығару. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің шенеуніктеріне қатысты іс 1 шілдеде қолға алынды, егжей-тегжейлі мәлімет әзірге хабарланған жоқ.

Арыстанбек Мұхамедиұлы түйені түгімен жұтқанға ұқсайды
Тегтер: