Астанада көктайғақ салдарынан 100-ден астам жол-көлік оқиғасы болған
Ауа райының қолайсыздығына, атап айтқанда қатты көктайғаққа байланысты елордада барлық бағыттағы автожолда қозғалыс уақытша шектелді. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, бүгін қала аумағында 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Осыған байланысты полиция жүргізушілерді аса қажеттілік болмаса, жолға шықпауға шақырады.
— Жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтап, арақашықтықты ұстану, жолда барынша мұқият әрі сақ болу қажет. Сонымен қатар коммуналдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтірмеулеріңізді сұраймыз, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция ата-аналар мен балаларға ескерту жасады. Күн жылыған кезде су айдындарындағы мұздың қауіпті болатыны атап өтілді.
— Өзендер мен өзге де су айдындарының маңында мұзға шығуға және сырғанауға қатаң тыйым салынады, — деп ескертті ведомство.