Астанада сот орындаушылары 26 млн теңгені жымқырған
Қала прокуратурасы екі жеке сот орындаушысының әкімшілік айыппұлды өтеуге арналған қаражатты жымқыру фактілерін анықтады.

Тексеру нәтижесінде олардың екі жыл бойы сот актілерін орындап, мемлекет қазынасына аударылуы тиіс қаражатты жеке мақсаттарына, соның ішінде құмар ойындарға пайдаланғаны белгілі болды.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қаражаты да жымқырылған.
- Жалпы шығын көлемі 26 млн теңгеден асты. Сот орындаушыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, кейін олар келтірілген шығынды толық өтеді, - деп жазды бақылаушы органнан.
Прокуратураның хабарлауынша, тергеу нәтижесінде уәкілетті орган аталған сот орындаушыларын лицензияларынан айыру жөнінде шара қабылдайды.
Сонымен бірге, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қарыз сомасын тікелей өндіріп алушыларға аудару және атқарушылық санкцияны есептеу үшін жасанды интеллектті пайдалану ұсынылды.