Ата заңда азаматтардың мүддесі мен құқығын қорғайтын қандай баптар бар

30 Тамыз 2024

Бүгін тәу етер тәуелсіздігіміздің тірегіне айналып, мемлекеттілігіміздің іргетасын негіздей түскен, елдігіміздің кепіліне айналған – Конституция күні.

ҚазАқпарат
ҚазАқпарат

Ата заңымыз алғаш 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған еді. Сол жылдан бастап дәл осы күн мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді.

Конституция тарихы

Күні бүгінге дейін Конституция 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары реформаға түскен екен. Тарқата айтар болсақ, 1998 жылғы реформа аясында құжаттың 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімі мен өкілеттіктеріне қатысты нақтылаулар болып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғарғы жас шегі алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарын пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайлау тәжірибесі де осы 1998 жылғы түзетулерден кейін қолданысқа ене бастады.

2007 жылғы реформалық өзгерістердің қорытындысы бойынша, пропорционалды сайлау жүйесінің аясы кеңейіп, соның негізінде Үкімет жасақтау ісіне партиялық фракцияларды араластырудың тетігі енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, өз өкілдерін белгіленген квота санына қарай Парламент Мәжілісіне, Сенатына жібере бастады.

2011 жылғы өзгерісте Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздері қайта белгіленді.

2017 жылы Конституцияның 25 бабына 33 түзету енгізілді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Бес институционалдық реформа ұғымдары осы реформадан кейін саяси айналымға шықты.

Ал 2019 жылы ҚР Конституциясына елорда атауын Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгеруіне байланысты түзету енгізілді.

Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар биыл 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.

Азаматтардың мүддесі мен құқығын қорғайтын негізгі баптар

1-бап 1-тармақ: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

3-бап 1-тармақ: Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық.

3-бап 2-тармақ: Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.

6-бап 3-тармақ: Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

2022 жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Сол заңдардың бірі 6-баптың 3-тармағына қатысты еді.

Жария рәсім барысында Президент еліміздің басты байлығы – біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы екендігін баса айтты. Осы орайда жақында Ата заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар екендігіне тоқталды.

«Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.

10-бап 2-тармақ: Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі.

11-бап 1-тармақ: Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.

10-бап 2-тармақ: Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді.

12-бап 2-тармақ: Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.

13-бап 3-тармақ: Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі.

14-бап 2-тармақ: Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

16-бап 2-тармақ: Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.

17-бап 2-тармақ: Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

18-бап 1-тармақ: Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.

18-бап 2-тармақ: Әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

19-бап 1-тармақ: Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.

19-бап 2-тармақ: Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар.

20-бап 1-тармақ: Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.

20-бап 2-тармақ: Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді.

21-бап 1-тармақ: Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.

21-бап 2-тармақ: Әркімнің Республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

25-бап 1-тармақ: Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

Алайда 2019 жылы тиісті құқықтық актілерге прокурорға сот орындаушыларының атқарушылық іс-жүргізу туралы қаулыларына санкция беру міндеттерін белгілейтін өзгерістер енгізілгелі, прокурор санкциясымен мүлікті мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі жеке тұлға мен бизнестің мүлкін сот актісіз-ақ, өндіріп алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде құқық қолдану практикасында проблемалық мәселелердің туындауына әкеп соқтырған. Осыған орай Конституциялық сот Бас прокуратураның жүгінуімен аталған баптың 1 және 3-тармақтарына түсіндірме берген еді.

Тегтер: