Атыраулық хакерге халықаралық іздеу жарияланды
31 жастағы Атырау облысының тұрғынына халықаралық іздеу жарияланды. Ол hacker.atyrau парақшасы арқылы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желіде таратқан еді.
Полиция оны бұл іс-әрекеті үшін емес, осыған дейін жасаған құқықбұзушылығына байланысты іздеп жатыр. Құзырлы орган берген мәліметке сүйенсек, ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Оған қатысты 4 қылмыстық іс тіркелген.
- Жоғалған отбасы мұшелерінің жүрген жеріне қатысты барлық дерек ішкі істер органдарының бөлімшелері жүргізген заңды жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында анықталған. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланымдар пайда болғанға дейін ресми түрде тіркеліп, кейіннен бағдар түрінде рәсімделген. Аталған тұлға жаңа деректер алған жоқ және ешқандай дербес техникалық талдау жүргізбеген. Оның жариялаған мәліметтері ресми бағдармен толық сәйкес келеді және ол ақпаратты бағдар жасалғаннан кейін ғана алған, - деп хабарлады облыстық ПД.