ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫ: ӘРБІР БАЛА ТУҒАН СӘТІНЕН БАСТАП МЕДИЦИНАЛЫҚ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНҒАН

26 Мамыр 2025

Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі – өсіп келе жатқан ұрпақтың дені сау, қауіпсіз әрі жан-жақты дамуына жағдай жасау.

men
men

Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 7 миллион бала тұрады. Әрбір бала туған күнінен бастап медициналық бақылаумен қамтылған. Жыл сайын 2 миллионнан астам бала туғаннан бастап 6 жасқа дейінгі аралықта скринингтен өтсе, 4,5 миллионнан астам бала профилактикалық тексеруден өтеді, ал 1,5 миллионнан астам бала Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес иммундаудан өтеді.

Балаларға медициналық көмек мемлекеттік кепілдік берілген көлемнің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін көрсетіледі.

Мектеп жасындағы балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуда мектеп ортасы ерекше рөл атқарады: әр мектепке емхана бекітілген, білім беру ұйымдарында медициналық пункттер жұмыс істейді.

Балаларға медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында тиімді перинаталдық технологиялар, бала жасындағы ауруларды біріктіріп басқару тәсілдері және ерте шақтағы балаларды патронаждық қадағалаудың әмбебап-прогрессивті моделі халықаралық ұсынымдарға сай енгізілуде.

Ана мен бала денсаулығы саласына бағытталған жүйелі стратегия мен елеулі инвестициялардың арқасында елде бала өлімінің көрсеткіштері тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті: неонаталдық өлім – мың тірі туғанға шаққанда 3,37, нәресте өлімі – 6,80, балалар өлімі – 9,30.

Перинаталдық орталықтар базасында неонаталдық хирургия бөлімшелерінің төсек қоры 20%-ға ұлғайтылды. Бұл жыл сайын туа біткен кемістігі бар шамамен 1500 жаңа туған сәбиге операциялық ем жүргізуге мүмкіндік беріп отыр, оның 40%-ы эндобейнехирургиялық әдіспен жасалады. Соның нәтижесінде операциядан кейінгі сәбилердің өміршеңдігі 88%-дан 93%-ға артып, өлім 15%-ға төмендеді.

Елде балаларға көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі енгізілген: патронаждық бақылау (жүктілік кезінде – 2, туғаннан кейін – 5 жасқа дейін 10 рет), ерте араласу моделі (2022 жылдан бастап), емханаларда даму және ерте араласу орталықтары (2025 жылдан бастап) – «диагнозға дейін – мүгедектікке дейін» қағидаты бойынша.

Қазақстан Орталық Азияда неонаталдық көмекті ұйымдастыру стандартын бекіткен алғашқы және жалғыз ел атанды. Ондағы басты қағидат – реанимация бөлімшелерінде 1 мейіргер – 1 жаңа туған нәрестеге қатынасын сақтау. Елімізде неонатологтар мен мейіргерлердің қуатты онлайн-кәсіби қауымдастығы құрылды. Бұл – Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген сарапшыларды қоса алғанда, 1000-нан астам маманды біріктіретін қуатты білім беру платформасы.

2008 жылдан бастап отандық дәрігерлер салмағы 500 граммнан асатын жаңа туған нәрестелерді өмірге бейімдеуді қолға алды. Перинаталдық орталықтардың базасында неонаталдық хирургияның төсек қоры 20%-ға ұлғайтылды. Бұл жыл сайын туа біткен ақауы бар 1500-ге жуық нәрестеге операция жасауға, өлімді 15%-ға төмендетуге және эндобейнехирургияны енгізудің есебінен операциядан кейінгі өміршеңдікті 88%-дан 93%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Қазақстанда балаларға онкогематологиялық көмек жүйесі қарқынды дамуда. Цитология мен иммуногистохимиядан бастап ПЭТ-томография және молекулалық-генетикалық технологияларға дейінгі заманауи диагностикалық әдістердің толық спектрі енгізілді.

Емдеу халықаралық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі және құрамында полихимиотерапия, сәулелік терапия, хирургия мен гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау бар. Бұл – аллогенді, аутологты және гаплоидентикалық әдістерді қамтиды. 2013 жылдан бері 515 трансплантаттау жүргізілді, оның ішінде 28-і халықаралық донорлар тіркелімінен (Ресей, Германия, Польша) алынған туыстық емес донорлармен жүзеге асырылды.

Инновациялық тәсілдердің – интраартериялық химиотерапия, «өсетін» эндопротездердің 3D-моделдеу технологиясы және таргеттік иммунотерапияның арқасында балалардағы онкологиялық аурулар бойынша жалпы өміршеңдік 70%-дан асты.

Тегтер: