Азық-түлік инфляциясы бізді де қатты алаңдатады — Серік Жұманғарин
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеуден бірде-бір дүкен банкрот болған жоқ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
— Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің бағасы реттеледі. Әзірше, бұдан бірде-бір дүкен банкрот болған емес. Ал қазір біз енгізіп жатқан шара уақытша. Шамалы санын ұлғайтып, бұл тізбені 33-ке дейін жеткіземіз. Бұл инфляция үш құрамдасының ішінде дәл азық-түлік инфляциясы бізді қатты алаңдатуымен байланысты. Өйткені, ұзақ уақыттан бері бір азық-түліктің баға өсімінің қарқыны байқалады әрі бұл маусыммен байланысты емес, — деді вице-премьер Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның пайымынша, қымбаттау алып-сатарлықпен байланысты.
— Сауда министрлігі елдегі барлық импорт өнімдер әкелетін ірі көтерме сауда жасаушыларды шақырып, олармен сөйлесті, себептерін анықтады. Біз мұны жай ғана енгізіп қоймаймыз. Үй жанындағы дүкендер мен қажеттілік болған жағдайда ірі компанияларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл кәсіпорындарды банкроттыққа алып келеді деп ойламаймыз, — деді Серік Жұманғарин.