«Балалар мектепке білім алу үшін барады»: Президент хиджаб мәселесіне тоқталды

5 Қазан 2023

Бұл туралы Мемлекет басшысы республикалық педагогтер съезінде айтты.

«Балалар мектепке білім алу үшін барады»: Президент хиджаб мәселесіне тоқталды

«Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс.

Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.

Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», — деді Президент.

Тегтер: