Банк акционерлері алатын дивидендтеріне салық төлеуі мүмкін
Қазақстанда дивиденд алатын барлық адам мен ұйымдарға салық төлеткізу тетігі енгізіледі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи банктердің 100 млн теңгеге дейін дивиденд алатын акционерлеріне 10 пайыз, ал бір млрд теңгеге дейін пайда табатын акционерлеріне 15 пайыз салық салу нормасын ұсынды.
- Орталық Азиядағы ең ірі банктер Қазақстанға тиесілі. Қазақстандық банктердегі жиынтық сома 55 трлн теңгеге жеткен, яни еліміздің екі бюджетінен артық. Міне, осы банктер жыл сайын қожайындарына – акционерлеріне миллиардтаған дивиденд төлейді. Ірі акционерлер 100 миллионның үстінде дивиденд алады. Бірақ банктердің осы дивидендтері салық режимінен босатылған. Үкімет «қосарланған салық салу болмайды, сондықтан олар босатылған» деп жауап беруі мүмкін. Атап айтқанда, біздің елдің бюджеті әлеуметтік мақсатқа бағытталған. Ел бюджетінің 53 пайызы әлеуметтік саналады. Ендеше, банктердің қоғам және әлеумет алдындағы жауапкершілігін көтеру мақсатында дивидендтерге салық салу мәселесін қарастыру керек. Бұл – акционердің жеке пайдасы, - деді Е.Бапи.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин дивидендтерге салық салуға қатысты нақты ұсыныс болса, Үкімет қолдайтынын айтты.
- Ондай ұсыныс жасалса, біз қолдаймыз. Бұл тұрғыда саралау керек. Мәселен,100 млн теңгеге дейін дивидендке 5 пайыз, 100 млн-нан бір млрд теңгеге дейін 10 пайыз, сондай-ақ 1 млрд теңгеден астам сомаға 15 пайыз шамасындағы көрсеткішті пысықтауға болады, - деді С.Жұманғарин.
Оның айтуынша, бұл талап тек банктерге ғана емес, сонымен қатар дивиденд алатын барлық адам мен ұйымдарға қатысты болады.