Банктің атын жамылған алаяқтар

18 Мамыр 2023

Қаржы саласы бойынша сауатты болу дегеніміз тек ақшаны жинап, үнемдеу, болмаса оны табысты жоспарлау деген сөз емес. Қаржылық сауаттылық көлденеңнен келетін түрлі қаржылық алаяқтарға төтеп беру, олардың аяқтан шалатын түрлі әрекеттерінен қорғана білу деп те айтуға болады.

Банктің атын жамылған алаяқтар

Қазіргі заманда үш адамның басы қосылса, екеуіне ортақ тақырып табылады. Банктен деп қоңырау шалып, «Сіздің атыңыздан біреу несие алғалы жатыр, болмаса белгілі бір аударымдарға қатысты сіздің жеке деректеріңіз керек» деп алыстан сұрау салатын алаяқтардың қарасы көбейген.

Бүгінде заманына қарай алаяқтар жаңа кейіпке еніп, өздерінің айласын асырған. Бұрындары арызданушылар «Көрер көзге алдап кетті, өлердегі сөзін айтып, ақшаны алып, ізін жоғалтты» деуші еді. Қазір сізден керек сандарды сұрап алып-ақ, 2-3 минуттың ішінде тақырға отырғызып кете алады. Сауысқаннан сақ болып жүрмесеңіз, қай жерден кім келіп тайдырып жіберетінін болжай алмайсыз. Қалтаңызға көз салған интернет-алаяқтар қалай тонап кететінін болжау қиын. Себебі мұндай мысалдар айналымызда күн сайын орын алып жатыр, күн сайын көзімізбен көріп жүрген жағдайлар оған дәлел бола алады.

Соңғы бес жылда Астана қаласының өзінде он мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелген, нақтырақ айтсақ, 9944 іс бойынша адамдар интернет-алаяқтықтың құрбаны болған. Адамдар интеллектуалды қоғамда өмір сүріп жатса да, алдану деректері азаймай тұр.

Қазір адамдар жиі отыратын виртуальды әлемде де өзінің торын құрып, оңай олжаға кенелгісі келгендерді торуылдап жүретіндер жетерлік.

Мәселен, жыл басынан бері интернет-алаяқтық бағыты бойынша 3 718 дерек тіркелген. Ал кешегі қазан айының өзінде 300-ден аса деректің тіркелуі бұл алаяқтыққа әлі толықтай тосқауыл болмай тұрғанын көрсетеді. 

Интернет-алаяқтарды қой терісін жамылған қасқырлар деуге толық негіз бар. Себебі алғаш сөйлескенде жылы сөзбен алдап-арбап, сіздің жағдайыңызды жасағысы келгендей болғанымен, шын мәнінде, сізді сақалыңызды сипап қалатын жағдайға дейін жеткізеді. Қаржылық сауатсыздықтың салдарынан қаншама адамның бүгіндеотбасылық бюджетінің бір бүйірі тесіліп, сан соғып қалуда.

Атап айтсақ, соңғы жылдары елімізде интернет-алаяқтықтық әсерінен зардап шеккен адамдар 1 млрд 657 млн теңгедей шығынға ұшыраған. Оның ішінде тек 147 миллиондай ғана қаржы өтелген. Бұл қалған қаржының желге ұшқанынан хабар береді. 

Астана қаласы бойынша биыл интернет желісінде алаяқтық пен ұрлық жасағаны үшін 72 интернет-алаяқ ұсталып, жауапқа тартылған және үш қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. 

– Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінің Криминалдық Полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп жасалған арнайы операция жүргізу барысында телефонмен сөйлесу кезінде өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, алдап, арбау арқылы жәбірленушілердің атынан несие алғаны үшін жәнежекеменшік мүліктерін сатып, түскен қаражатты жалған есепшоттарға аударуға көндіргені үшін жеті адамнан тұратын бір топ интернет- алаяқтар ұсталды, – дейді Астана қалалық Полиция департаменті Криминалдық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Мәдиев.

Сондай-ақ сала маманының айтуынша, интернет-алаяқтардың алдап-арбауына ілігіп қалатындардың көбіәйелдер. Әсіресе, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш көрінеді.

Сонымен қатарбастықтың орынбасары Қайрат Мәдиевтен интернет-алаяқтардың әсерінен ең ірі көлемдегі шығынға ұшырағандарды сұрағанымызда, ең ауыр соққы болған шығын 150 млн теңгені құрағанын айтты. Оның үстінекейбір адамдарға «Банктен» деп хабарласып, белгілі бір қорларды инвестициялауды ұсынатынын, олар алғашқыда бір миллион қаржы салса, оны 1,5 миллионға дейін көбейтіп, артынша 2,5 миллион қаржыны 3-4 миллионға дейін жеткізіп, соңында қаржы көлемі ұлғайған сайын байланысты үзіп, 5-6 миллионнан соң ізім-қайым жоқ боп кететін алаяқтар бар екенін жасырмады. Ең қиыны, кейбіралаяқтар шетелден болғандықтан, оларға шара қолдануға дәрменсіз күйде боламыз. 

Қазақта ең жақсы сөз бар. «Өзіңе тілемегенді жауыңа да тілеме» дейді. Сол себепті біреудің ала жібін аттап, қаншама қаржысын қолды еткеннен, екінші біреудің де мол дәулетке кенеліп, айы оңынан туып кетпесі анық. Заң алдында бір жауап береді, жасаған күнәсі үшін Жаратқанның алдында тағы бір жауап береді. Ал мұндай интернет-алаяқтардан қорғанудың басты алғышарты – қаржылық және құқықтық сауаттылықты меңгеру. Өзіңізден басқа өзге ешкімнің жеке деректеріңізді қолдануына жол бермеңіз. 

Тұмар Асыл

Тегтер: