Биыл магистратураға 23 065 талапкер түсті — Ғылым және жоғары білім министрлігі
Министрлік магистратура мен докторантураға қабылдау қабылдау науқанының нәтижелерін жариялады.

Ведомствоның мәліметінше, биыл магистратура бойынша кешенді тестілеуге 51 мыңнан аса өтінім түскен. Бұл — өткен жылға қарағанда 9,5 мыңға артық. Тестілеуге қатысқан 47 798 үміткердің жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда 23 065 талапкер, шекті балды еңсеріп, білімге деген табандылығын дәлелдеді.
Орташа көрсеткіш те жоғарылады — КТ-ның орташа балы 72,9-ға жетіп отыр. Бұл қазақстандық жастардың дайындық деңгейі мен ынтасының артып келе жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік гранттар да айтарлықтай үлестірілді: магистратураға 13 554 грант бөлініп, оның ішінде инженерлік-техникалық бағыттар (3 338), педагогикалық ғылымдар (3 225), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (1 315) және жаратылыстану ғылымдары (1 268) басымдыққа ие болды.
Биыл докторантураға сұраныс деңгейі едәуір жоғары болды. Қабылдау сынақтарына 4 307 адам қатысып, оның 3 146-сы ғылым жолында ілгері қадам жасауға мүмкіндік алды.
— 2025-2026 оқу жылына докторантураға 2 919 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде педагогикалық ғылымдарға — 486, инженерлік және құрылыс салаларына — 615, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға — 161 грант қарастырылған, — делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда докторантураға қабылдау толықтай жоғары оқу орындарының құзыретінде. Бұл — университеттердің академиялық еркіндігі мен дербестігін арттыратын маңызды қадам.
Отандық ғылымды халықаралық деңгейге көтеру үшін бүгінгі талапкерлердің мойнында үлкен міндет тұр. Олар — ертеңгі ғылыми жаңалықтың иелері, ұлттық мүддені әлемдік өркениетке танытатын буын.
— Бұл көрсеткіштер — Қазақстанның білім беру жүйесінің қарқынды дамуының айқын дәлелі. Ғылым жолына түскен әрбір жас ізденуші — еліміздің болашағына қосылған зор үлес, — деп жазды ведомстводан.