Билік құрылымдары инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті — Президент

8 Қыркүйек 2025

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту — тұрақты дамудың негізі факторы. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты.

Ақорда
Ақорда

— Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті. Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар. Мұндай үлгі бойынша, тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс. Бұл іске «Ақылды қала» құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек. Оған озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазіргі жағдайда мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес.

— Бұл — аксиома. Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па дегенді жаңаша зерделеген жөн. Жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу — даулы мәселе. Оның бәрі ерте ме, кеш пе, қайтадан жекешеге өтеді. Сондықтан мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу — жеке сектордың шаруасы. Билік құрылымдары негізінен цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонда Үкіметке және әкімдіктерге азаматтардың сенімі нығая түседі. Коммуналдық шаруашылықты жаңғырту ісі инфрақұрылымдар мен тұрғын-үй қорын энергияны үнемдеуге көшіру шараларымен қатар жүруге тиіс, — деді Мемлекет басшысы.

Тегтер: