Бірыңғай уақыт белдеуін енгізуден бас тартпаймыз – Арман Шаққалиев

31 Қаңтар 2024

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде уақыт белдеуін бірыңғай жүйеге ауыстыруға қатысты түсінік берді.

Бірыңғай уақыт белдеуін енгізуден бас тартпаймыз – Арман Шаққалиев

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер министрден Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының көбісі уақыт белдеуін ауыстыруға наразылық танытып отырғанын және осы мәселеге қатысты қандай шешім жасалатынын сұрады. Өз кезегінде Арман Шаққалиев елімізде уақыт белдеуін бірыңғай жүйеге ауыстыруға қатысты нақты шешім жасалғанын, сондай-ақ қабылданған шешім қайта қаралмайтынын айтты.

«Қаулы қабылданды және бірінші наурыздан бастап бәріміз бір уақыт белдеуінде боламыз. Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтарымыздың мәлімдемелері мен ұстанымдарына келер болсақ, жақында барлық аудандарда, елді мекендерде пікірін жариялаған тұрғындармен кездестік. Атап айтқанда, дәлелді базасы бар ғалымдар тобы нақты деректерге сүйеніп, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қажет екенін түсіндірді», — деді А. Шаққалиев.

Министр бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қосымша шығындарға әкеп соқпайтынын жеткізді.

Сонымен қатар ол ел халқы пайдаланып жүрген барлық гаджеттерде уақыт белдеуі автоматты түрде ауысатынын атап өтті.

Тегтер: