Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін, су министрлігі ойдағыдай нәтиже бермеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін көтеріп, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырды.
«Былтыр Жамбыл облысының диқандары су тапшылығынан қатты зардап шекті. Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін. Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал, көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал бізде су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды», — деді Президент.
Мемлекет басшысы жағдайдың өте күрделі екенін ашық айтты.
«Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар. Әсіресе, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек», — деді Қ. Тоқаев.
Президенттің пікірінше, ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн.
«Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет», — деді ол.