Биыл елімізде импортты алмастыратын 165 жоба іске қосылады
Бүгін бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады.
«Биыл 165 жоба іске қосылады. Ал қалған 498 жоба келесі жылдан бастап жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз. Осы жылы іске асырылып жатқан жобалардың инвестицияларының жалпы көлемі — 1,7 трлн теңге. Капиталды барынша қажет ететін, 820 млрд теңге көлеміндегі жобалар Атырау облысында іске асырылатын болады. Жобалар санының аз болғандығына қарамастан, атап айтсақ 5 жоба, бір жұмыс орнына салынған инвестициялар көлемі 1 млрд теңгені құрайды. Инвестициялардың ең аз көлемі Павлодар облысына тиесілі – 7,4 млрд теңге», — деді Қайырбек Өскенбаев.
Министрдің сөзіне сенсек, капиталды ең аз қажет ететін жұмыс орындарын құру Батыс, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында болады. Бұл өңірлерде бір жұмыс орнына шамамен 20-30 млн теңге жұмсалады.