Бизнесті қолдаудың тиімділігін арттыру үшін әкімшілік шығындарды азайту керек

18 Қазан 2024

Премьер-министр Олжас Бектенов экспортқа бағытталған бизнес өндірістерді мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес өткізді.

Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оған жекелеген министрлер мен аймақ әкімдері, «Бәйтерек» ҰБХ, «Қазақстан даму банкі» АҚ, «Атамекен» ҰКП басшылықтары, сондай-ақ бірқатар саладағы бизнес өкілдері қатысты.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Негізгі мақсат – Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және өсімнің жаңа мүмкіндіктерін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру.

«Бәйтерек» холдингінің экономиканың түрлі салаларында пилоттық жобаларды іске асырудағы жаңа тәсілдері қарастырылды. Бұл инвестициялық жобаларды қарау талаптарын жеңілдету және біріздендіру, сондай-ақ өтінім бергеннен бастап, жобалық қуатқа шыққанға дейін бизнес-бастамаларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Бірінші кезеңде тамақ өнімдерін өндіру, тереңдете өңделген металлургия өнімдері және басқа да жобалар қарастырылды.

«Бәйтерек» холдингі енгізген бірыңғай және жеңілдетілген өтінімдерді қарау регламенті бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ашықтығын әрі тиімділігін арттырады, сондай-ақ ішкі нарықта отандық өнімнің өсу қарқынын арттырып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді.

Премьер-министр бизнеске көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыру үшін әкімшілік шығындарды азайту қажеттігін атап өтті.

«Мемлекеттік органдар мен даму институттары бизнеспен барынша қолайлы жағдай режимінде жұмыс істеп, елімізге қажет экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға дайын тиімді кәсіпкерлерді белсенді іздеуі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнеспен тығыз жұмыс істеуінің маңызын ерекше атап өтті. Отандық өндірушілердің тауарлары, қызметтері мен жұмыстарын сатып алу бойынша өз уақытында оффтейк-келісімдер жасау қажеттігі айтылды. Осылайша, қолдау шаралары тек белгілі бір кәсіпкерлерге ғана емес, жалпы қазақстандық өндірісті дамытуға оң әсер етуі тиіс.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар мен аймақ әкімдіктері, «Бәйтерек» холдингі мен «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесе жаңа проактивті жұмыс форматына көшуді жедел түрде қамтамасыз ету тапсырылды.

Тегтер: