БҚО-да өрттен бес баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында тұрғын үйдегі өрттен бес баланың көз жұму дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
- Алдын ала мәлімет бойынша балалар улы газдан қайтыс болған. Тергеу амалдары барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады, - деп хабарлады ведомстводан.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданында қаза тапқан балалардың ата-анасы мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.
- Әкімдік тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және басқа да қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында ТЖД мамандары, полиция департаменті мен медицина қызметкерлері және өзге де тиісті қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Жағдай жіті бақылауда, - деді өңір басшысы.