Бозымбаев энергетика саласындағы сатып алу платформасын 1 қарашаға дейін енгізуді тапсырды
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру бойынша жобалық кеңсенің отырысында 2029 жылға дейінгі жаңғырту картасын әзірлеу, Ұлттық жобаға Цифрлық теңгені енгізу, халықаралық қаржы институттарын тарту және аспаптандырудың қамтылуы мен қажеттілігін талдау нәтижелері қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

2026 жылға қарай еліміз бойынша 14 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеу және 8 мыңнан астам жабдықты ауыстыру үшін 1 трлн теңгеден астам қаржы қажеттігі айқындалды.
Коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында оларды ірілендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) тетігі аясында төрт өңірде жылу желілерін және су тазарту кешендерін жаңғыртуға бағытталған 10 пилоттық жобаға бөлінген 22,5 млрд теңгенің 47%-ы игерілді.
«Бәйтерек» холдингі Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Эксимбанкпен белсенді ынтымақтастық орнатып, олардың жобаларды қаржыландыруға дайын екенін атап өтті.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңірлер бойынша «ақылды» есептеу аспаптарын орнату қажеттілігін анықтады: 3 млн астам су есептегіш, 3 млн астам электр энергиясы есептегіш және 30 мың жылу есептегіш орнату жоспарланып отыр.
Отырыс барысында Қанат Бозымбаев Ұлттық жоба аясында әзірленіп жатқан электронды сатып алу платформасының дайындық деңгейін тексеріп, оның алғашқы үш модулін 1 қарашаға дейін іске қосуды тапсырды.
Сондай-ақ вице-премьер ЭКСЖ жобалары бойынша жылдар мен өңірлер бойынша қажеттілікті айқындап, деректерді отандық өндірушілерге беруді және B2B-кездесулер өткізуді тапсырды.
Жөндеу жұмыстарына қажеттіліктер туралы ақпарат modernization.kz ресми сайтында және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жарияланады.