ChatGPT арқылы адами қарым-қабілетімізді төмендетіп алмаймыз ба - сенатор
Бүгін елордадағы «Әлеуметтік вектор: кәсібилік, құрмет, цифрлық болашақ» халықаралық форумында сенатор Нұртөре Жүсіп жасанды интеллект аясындағы өзгерістерге халықты алдын ала дайындау керек екенін айтты.
- Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекет болғаннан кейін, бюджет қаражатының 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалатыны белгілі. Ал енді цифрландыру, сондай-ақ жасанды интеллект жағдайында Қазақстанның дамуы қалай болады? Бұл жағдай тек біздің елге ғана қатысты емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың да өте өзекті мәселесі. Қазір әртүрлі зерттеулерде болжамдар айтылып жатыр. Жасанды интеллект кірген жағдайда, әлемде еңбек орындарында адамдардың жұмысы қысқаруы ықтимал, яғни миллиондаған адамның тағдырына әсер етуі мүмкін, - деді Н. Жүсіп.
Осы орайда сенатор Парламентте «Жасанды интеллект туралы» Заңы егжей-тегжейлі талқыланып жатқанын атап өтті.
- Өмірде байқасаңыздар, мектеп оқушылары мен студенттер барлық эссе мен рефератты, ғылыми зерттеулерді ChatGPT арқылы орындайтын жағдай болды. Ары қарай бір ұрпақ ойланбай, барлығын осылай құрастыра салып, еңбек ететін жағдайға келетін болса, онда ойлануды – адамдық қарым-қабілетімізді төмендетіп алмаймыз ба?! Бұл тұрғыда жасанды интеллектінің заманына қарай амалы дейді ғой, яғни мұның бәрі - заманның игілігі. Бірақ оны дұрыс пайдалану керек. Осы ретте, мемлекеттік ойластырылған әрі терең зерттелген болашақ сын-қатерді сарапқа сала отырып, дұрыс шешім қабылдау өте маңызды. Сондықтан Парламент тарапынан қабылданатын заңдар бірінші кезекті әлеуметтік мәселелерге, соның ішінде халықтың әлеуметтік жағдайына екпін қоя отырып мақұлданып жатыр, - деді депутат.
Нұртөре Жүсіптің пайымынша, қазір жасанды интеллект аясында IT-мамандарды оқытумен қатар, мыңдаған мұғалім мен еңбек ұжымдарындағы технологияларды пайдаланатын адамдарды тыңғылықты даярлау керек.