Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдары қатар жүруге тиіс

1 Қыркүйек 2023

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдары қатар жүруге тиіс

«Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды», — деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.

Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ.

«Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!», — деп Жолдауын түйіндеді Президент.

Тегтер: