Димаш Нью-Йоркте қазақ мәдениетін дамытатын ұйымдармен кездесті
Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығында әлемге әйгілі қазақстандық орындаушы Димаш Құдайбергеннің мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ АҚШ-та қазақ мәдениеті мен музыкасын белсенді насихаттап жүрген ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті.

Сыртқы істер министрлігі атап өткендей, іс-шара шетелде қазақстандық мәдени бастамаларды қолдау мен байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Кездесу барысында Қазақстанның музыкалық және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жобалар, сондай-ақ америкалық мәдени институттармен ынтымақтастықты дамыту жоспарлары талқыланды.
Кездесуде Қазақстан мен Америка арасындағы мәдени және іскерлік ынтымақтастықты дамытуға айрықша үлес қосып жүрген Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени және іскерлік қауымдастығының (Kazakhstan Cultural-Business Association of North America, KCBANA) қызметі ерекше аталып өтті.
Сонымен қатар Филадельфия қаласындағы музыка профессоры Владимир Денің еңбегі жоғары бағаланды. Ол Қуат Шілдебаев, Ғазиз Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды қазақ композиторларының шығармашылығын жүйелі түрде насихаттап, Қазақстанның мәдени бейнесін шетелде нығайтуға бағытталған жобаларды белсенді қолдап келеді.
Кездесу мәдени ұйымдар, диаспора және шығармашылық қауым өкілдерінің күш біріктіруінің маңыздылығын айқындап, мәдени дипломатия елдер арасындағы өзара сенім мен достықты нығайтуға шынайы берілген адамдардың еңбегі арқылы жүзеге асатынын тағы бір мәрте көрсетті.
2025 жылғы 5 қазанда Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» сахнасында өнер көрсетіп, осы аңызға айналған әлемдік аренада жеке концертімен шыққан тұңғыш қазақстандық болды.