Дүрбелеңге салған доллар бағамы төмендеуде
Қырғауыл жүніндей сан құбылған теңгеміз шетелдік көк қағазға аса тәуелді. Қазақстанның қор нарығында доллар арзандап, теңге нығая түсті. Ақша айырбастау пункттерінде бір доллар 456,87 теңгеден сатылып жатыр. Сағат 13: 00-дегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 1 долларды сату бағамы 451, 9 теңге, сатып алу 446 теңге. Алматы бойынша 1 доллар орта есеппен 452,5 сатылып, 446,5 теңгеге сатып алынуда.
Қаржы министрі: Теңгені долларға айырбастағандар ұтылып қалды
Үкімет валюталық интервенцияны ұстап тұру үшін ұлттық қордан 960 млрд. теңге бөлді. Нәтижесінде доллардың бағасы түскендей болды. Мың құбылатын теңгенің құны қашан тұрақталатынын білмек болып Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа сұрау салдық. Министр өз сөзінде: «Валюта бір долларға 500 теңгеге дейін шарықтағаны естеріңізде шығар. Ешқандай «катастрофа» болған жоқ қой, керісінше, теңге өз бағамын қайтарды. Сол кезде валюта бағамына алданып, доллар сатып алғандар ұтылып қалды. Мен кешірім сұраймын, әрине, бірақ қазір олар ұтылғандар, ал бәрі тынышталғанын күтіп, әліптің артын баққандар, керісінше, ұтқандар», — деді ол.
Бірақ министр экономикамыздың өте сезімтал екендігін алға тартып, алдағы уақытқа болжам жасау күрделі екендігін айтты. «Біз бюджетке болжамды бағам емес, есептік бағамды енгіземіз. Валюта ағынын, индексацияны, бағам айырмасын бәрібір де есептеу керек. Сол себепті біз бір долларды 460 теңге деп алдық. Халыққа айтарым, теңгелерін долларға ауыстырып қажет емес. Біз солай ғана теңгемізді тәуелсіз ете аламыз», — деп түйіндеді миниср өз сөзін.
Теңгені тұрақтандырудың жолдары
Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстан ішкі импорттық тауарлаға тәуелділіктен бас тартпай жатып, экономика алға баспайды деген пікірде . Оның сөзінше, халыққа қажет тауарлардың кемінде 35-40 пайызын отандық кәсіпорындар қамтамасыз еткен жағдай да ғана ортақ бағаға әсер етуге болады. Экономист елге сырттан келетін тауарлардың үлес салмағы 75-80 пайызға дейін жеткенін айтады. «Қазақстан халықтың ішкі сұранысын тек импортпен ғана қамтамасыз етіп отырғандықтан, өзге елдің валютасына тәуелділіктен жақын арада құтыла алмайды. Қазір Батыс елдері Ресейден мұнай тасымалдауды шегерді. Бұл әлемдік экономиканың негізгі валютасы – доллардың позициясына да кері әсерін тигізе бастады. Көптеген өндірушілердің қызметтері Ресей мұнайына белгілі бір деңгейде тәуелді. Осы қатарға Қазақстанды да қосуға болады. Мұнай тасымалдайтын әлемдегі негізгі бес мемлекеттің қатарындамыз. Тасымалдың тежелуі доллардың арзандауына ықпал етіп отыр», — дейді ол.
Сонымен қатар, валютаны сату, сатып алу кезінде болатын ажиотаждық жағдай қолдан инвляция жасағандығы жасырын емес. Қазақстанда бір ай бұрын доллар құнының шамадан тыс көтеріліп кетуі нарықтағы дүрбелеңге тікелей қатысты. Яғни нарықта бейберекетсіздік болған уақытта долларды алыпсатарлар тиімді пайдаланды. Сол арқылы доллар бағамын қолдан көтерген болуымыз әбден мүмкін.
Базардағы ахуал: тамақ бағасы түсті ме?
Наурыз айында қантқа халық арасында ажиотаж болғандығы жасырын емес. 40% қантты Ресейден алатын Қазақстан абдырап қалды. Украинаға соғыс ашқан Ресейді Батыс елдері санкция құрсауына алды. Салдарынан Ресей рублімен бірге Қазақстанның ұлттық валютасы да күрт құнсызданды. Нәтижесінде базардағы шарықтады. Ал қазіргі баға қандай? Базардағы тауар бағамын білмек болып, Нұр-Сұлтан қаласындағы «BIG Шанхай» базарын араладық.
Өткен айда тікелей шетелден тасымалданатын тұрмыстық химиялық заттарды таппай дал болған едік. Алайда бүгін сол олқылықтардың орны толғандай, базарда барлығы самсап тұр. Тек бағалары тым қымбат, бірақ өткен аймен салыстырғанда баға тұрақтанған. Ұсақ тауарларға 50 теңге ірі заттарға 100 теңге қосылыпты. Тұрмыстық заттардан бөлек, құрылысқа қажет құралдардың да бағасы едәуір түскен. Мәселен, Қытайда өндірілген түс қағаздың бір орамы өткен айда 10000 теңгеге сатылса , ал бүгін 9700 теңгеге дейін төмендепті.
Наурыз айында ірі сауда орындарынан ғана табылған тамақтардың бағалары да салыстырып көрдік. Көтерме бағада 1050 теңгеге сатылған бананның бір келісі 860 теңгеге түсіпті, 600-700 теңгеге сатылған бір келі қанттың көтерме бағасы 450 теңгеге түсіпті. Шанхайдың кіреберісінде нан мен шай сатып отырған Нұргүл апайды сөзге тартып көрдік. Алғашында жауап беруден бас тартқан ол: «Баға ақырындап түсіп жатыр. Бірақ бізге өте тиімсіз, шайға тек 30 теңге ғана қосып сатып отырмыз. Кейбір халық көп тұтынатын тағамдар тіпті Ресейден келмей жатыр. Печенье, прянник, кәмпит сынды тағамдарды шамадан тыс алуға мәжбүрміз. Себебі оптовиктер аз келі алсақ көтерме бағамен бермейді. Сондықтан мардымсыз пайда көріп отырмыз. Әр аптада қала билігі келіп, бағаларды бақылап кетеді. Мына жерде отырған бәріміз бір бағаны ұстап отырмыз. Сәл тиын қоссақ халық алмайды», — дейді ол.
Демек, үкімет бағаны қатаң қадағалауда ұстап отыр. Бірақ экономикаға тың қаражат, тың күш беретін өзге де секторларды нығайтудың амалын қарастырған жөн. Жоғарыдағы министр мырзаның сөзіне сенсек, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Теңге тағынан түспейді дегенге сенейік, экономикамыз тұралап қалмаса болғаны.
Айдана Тілеуғабыл