ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2026-2027 жылдардағы макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттары әзірленіп жатыр

31 Қазан 2025

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында келесі екі жылға арналған макроэкономикалық негізгі бағыттар жобасын дайындау бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр.

goszakaz.tv
goszakaz.tv

Бұл құжат – мүше мемлекеттердің экономикасы үшін ең маңызды мақсаттарын айқындайтын және ЕАЭО интеграциялық әлеуетін пайдалану есебінен мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына қол жеткізуге бағытталған ұсынымдық сипаттағы бағдарламалық құрал.

2026-2027 жылдарға арналған Негізгі бағыттар – ЕАЭО туралы шартқа сәйкес мүше мемлекеттердің басшылары бекітетін құжат ретінде биылғы жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда ЕАЭО елдері Негізгі бағыттар жобасының 3 негізгі бағытын қалыптастырған.
Бірінші – қолайлы макроэкономикалық ортаны қалыптастыру.
Екінші – экономиканың нақты секторында кооперациялық ынтымақтастықты нығайту және ЕАЭО-ның инновациялық әлеуетін дамыту.
Үшінші – ЕАЭО ішкі нарығының тұрақты қызметін қамтамасыз ету және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту.

Осылайша, болжамды деректерге сәйкес Қазақстан Республикасында 2026-2027 жылдары экономикалық өсу қарқыны 5,4%-ға дейін болады деп күтілуде.

Сонымен қатар, 2025-2026 жылдарда ЕАЭО мүше мемлекеттердің жиынтық экономикалық өсу қарқыны жылына шамамен 1,5% деңгейінде болады деген болжам бар.

2024-2025 жылдарға арналған алдыңғы Негізгі бағыттарды іске асыру нәтижесінде «бестік» елдерде макроэкономикалық көрсеткіштердің нақты өсуіне қол жеткізілгенін айта кету керек.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметтері бойынша, 2024 жылдың қорытындысы ЕАЭО мүше мемлекеттердің ЖІӨ-нің өсуі 4,4% құрады, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 1,8%-ға өсті. Қазақстан Республикасындағы тиісті көрсеткіштер сәйкесінше 4,8% және 6,3% құрады.

Тегтер: