Ел чемпиондары енді өмір бойы ай сайын 300 мың теңгеден аса төлемақы алып тұрады

31 Қазан 2022

Мәдениет және спорт министрлігі әлем чемпионаттарында Қазақстанның қоржынына жүлде салған спортшылар мен бапкерлердің төлемақысы 4 есе өскенін мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, Қазақстандағы олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық ойындардың, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жаттықтырушылары бұған дейін 24 айлық есептік көрсеткіш, яғни 73 512 теңге төлемақы алса, енді 100 АЕК 306 300 теңгеден алатын болды.

Бұл өзгеріс спортшыларға ғана емес, олардың жаттықтырушыларына да қатысты болып отыр. Яғни, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді тәрбиелеген тәлімгерлер өмір бойы алатын ай сайынғы материалдық көмекке құжат тапсыра алады.

– Бұл біз үшін шешімі жоқ мәселе болған. Мұндай қуанышты жаңалық жас спортшыларымызды да жігерлендіретіні сөзсіз. Әсіресе жаттықтырушылар үшін қуаныштымын. Олар үшін бұл үлкен қолдау болды, – деді Сидней Олимпиасының чемпионы, боксшы Ермахан Ибраимов.

Еске сала кетсек, бұл төлемді алу үшін спортшылар мен жаттықтырушылардың спорт саласында кем дегенде 20 жылдық жұмыс өтілі болуы шарт.

Ел чемпиондары енді өмір бойы ай сайын 300 мың теңгеден аса төлемақы алып тұрады
Тегтер: