Елде алғаш рет «SHAIQAS-2026» әскери-инженерлік чемпионаты өтіп жатыр

10 Шілде 2026

Жеңімпаздарды қомақты сыйақы күтіп тұр. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 18 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ауқымды жоба ұшқышсыз авиациялық жүйелерді әзірлеушілерді, жерүсті робототехникасы мамандарын, киберқауіпсіздік саласының сарапшыларын және тактикалық дайындық бойынша кәсіби мамандарды бір алаңға тоғыстырды.

Чемпионаттың басты мақсаты — қорғаныс саласына арналған озық инженерлік шешімдерді анықтап, оларды кейіннен Қазақстан Қарулы күштерінің қажеттілігіне енгізу. Сонымен қатар жоба әскери және азаматтық инженерлердің, ғалымдар мен IT-мамандардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде қарастырылып отыр.

Бірінші кезеңге еліміздің әр өңірінен 150 қатысушыдан құралған 19 инженерлік команда тіркелді. Олардың қатарында әскери оқу орындарының, жоғары оқу орындарының, инженерлік мектептердің, қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының және Қазақстан Қарулы күштері бөлімшелерінің өкілдері бар.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев бұл бастаманың еліміздің қорғаныс әлеуетін нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.

— SHAIQAS-2026 — бұл жай ғана жарыс емес. Бұл — дарынды әзірлеушілерді анықтап, отандық үздік инженерлік шешімдерді еліміздің қорғаныс жүйесіне енгізуге мүмкіндік беретін жоба. Осындай технологиялар қазіргі заманғы армияның болашағын айқындайды, — деді ол.

Қазір полигонда чемпионаттың тестілік кезеңі өтіп жатыр. Бұл кезеңде командалардың техникалық әзірлемелері мен финалдық сынға дайындығы жан-жақты бағаланатын болады. Мамандар жабдықтардың жұмысқа қабілеттілігін, инженерлік шешімдердің сенімділігін және қатысушылардың кәсіби даярлық деңгейін тексереді. Тестілік кезеңнің қорытындысы бойынша финалға жолдама алатын үздік командалар анықталады.

Чемпионат төрт негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар — «Аспан», «Жер», «Киберқауіпсіздік» және «Тактика».

«Аспан» бағыты бойынша қатысушылар FPV-дрондарды басқарып, әуе барлауын жүргізу, жүктерді дәл жеткізу сияқты тапсырмаларды орындайды. «Жер» кезеңінде роботтандырылған кешендердің көмегімен инженерлік міндеттерді орындап, шартты түрде жараланғандарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау бойынша шеберліктерін көрсетеді.

Ал «Киберқауіпсіздік» кезеңінде арнайы полигонда ұйымдастырылған кибершабуылдарға қарсы тұрып, ақпараттық жүйелерді қорғау қабілеттерін сынайды. «Тактика» бағыты аясында қатысушылар тактикалық іс-қимыл, атыс дайындығы және әскери-медициналық көмек көрсету бойынша кешенді сынақтардан өтеді.

Чемпионаттың финалдық кезеңі 14-15 тамыз күндері «Амандық» оқу орталығының базасында өтеді. Финалға аралық іріктеуден сүрінбей өткен командалар қатысады. Олар далалық жағдайда практикалық тапсырмаларды орындап, өздерінің техникалық шешімдері мен кәсіби шеберліктерін сынға салады. Финалдық жарыс онлайн режимде тікелей эфирде көрсетіледі.

Жеңімпаздарды қомақты сыйақы күтіп тұр. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 18 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде бірінші орын иегері 10 миллион теңге, екінші орын 5 миллион теңге, ал үшінші орын 3 миллион теңге алады.

«SHAIQAS-2026» чемпионатын өткізу бастамасы «Қазақстан ҒАЖ орталығы» АҚ-қа тиесілі. Жарыстың операторы — «Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы инновацияларды дамыту орталығы» ЖШС (Defense Tech).

Айта кетейік, чемпионат демеушілердің қаражаты мен серіктестердің жарналары есебінен ұйымдастырылып отыр. Жобаны өткізу барысында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бюджет қаражаты пайдаланылмайды.

«SHAIQAS-2026» — еліміздегі әскери инженерия, робототехника, ұшқышсыз технологиялар және киберқауіпсіздік салаларын дамытуға бағытталған алғашқы ірі чемпионат. Қазірдің өзінде бұл жоба инновациялық шешімдерді тәжірибеде сынап, оларды қорғаныс жүйесіне енгізуге жол ашатын маңызды бастама ретінде бағаланып отыр.

Тегтер: