Электронды қызметтер халықтың 13 млрд теңгесін үнемдеді

4 Қыркүйек 2025

Президент Жолдауындағы және өзге де тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде IT-технология арқылы азаматтарға арналған цифрлық қызметтерді дамыту жұмыстары жүргізілуде.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Елімізде G2C (азаматтарға арналған мемлекет) форматындағы цифрлық сервистер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл мемлекеттік қызметтерді алуды жеделдетіп, ашық әрі қолжетімді етуге жол ашты.

ҚР ЦДИАӨМ мәліметінше, электронды медициналық анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын цифрлық форматқа толық көшіру көлеңкелі экономиканы 7,5 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бюджет қаражатынан 450 млн теңге үнемделді. 1,5 млн қызмет түрін қамтитын телемедицина сервисі қашықтан кеңес беруге және диагностикалауға жол ашып, халықтың 13 млрд теңгеден астам қаржысын үнемдеуге сеп болды.

Балабақшалар мен мектептерге қабылдау цифрлық форматқа көшірілді. Жоғары оқу орындарына қабылдау және жатақханаға орналастыру да онлайн жүзеге асырылуда. Бірыңғай сервис арқылы құжат тапсыруға, емханаға тіркелуге, әскери есепке тұруға және жатақханадан орын алуға болады. ҰБТ-ның электронды сертификатын енгізу нәтижесінде бюджет қаражаты 83 млн теңге үнемделіп, азаматтардың шығыны 300 млн теңгеден астам сомаға қысқарды.

Әлеуметтік салаға да цифрлық шешімдер енгізілуде. «Әлеуметтік әмиян» арқылы мектеп оқушыларына тегін тамақ беру процесі бақылауға алынды. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба ауқымы кеңейіп, еліміздегі барлық мектептерде енгізілмек.

«Әлеуметтік әмиян арқылы тегін тамақ беру процесі бақылауға алынды. Ол арқылы бюджет қаражатын үнемдеп, тиімді пайдалануға мүмкіндік туды. Бұл жоба еліміздегі барлық мектептерде енгізіліп жатыр», – деді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Тегтер: