Елімізде онкологиялық ауруларды емдеуге қосымша 25 млрд теңге бөлінетін болды

29 Қазан 2024

Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы қысқартылмайтын болды. Керісінше, бұл салаға қосымша 25 млрд теңге бөлінеді.

Медициналық орталық
Медициналық орталық

Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Телеграм каналында хабарлады.

«Бюджет жобасында онкологияны емдеуге бөлінетін қаржыны 20 миллиард теңгеге, ал онкогематологияға 5 миллиард теңгеге қысқарту туралы ұсыныс болды. Алайда, біз бұл қысқартуға қатаң түрде қарсылық білдіріп, қосымша қаражат бөлу туралы түзету енгіздік. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жемісті жұмысымыздың арқасында онкологиялық науқастарды емдеуді қаржыландыру үшін қосымша 25 миллиард теңге бөлу туралы түзетуіміз қолдау тапты. Бұл – өте қуанышты және маңызды жаңалық», - деп жазды мәжіліс депутаты.

Асхат Аймағамбетов соңғы жылдары онкологияға қарсы күресте Президенттің қолдауының арқасында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті.

«Кешенді жоспар бекітілді, және мамандандырылған орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Ұлттық онкология орталығындағы протондық терапия орталығының құрылысын аяқтауға 4,2 миллиард теңге бөлу туралы ұсынысымыз да қабылданды. Қазіргі уақытта Орталық Азияда протондық терапия орталығы жоқ, сондықтан біздің пациенттер қымбат ем алу үшін шетелге баруға мәжбүр. Қазақстанда бұл орталық жыл сайын 300-ден астам науқасқа өмір сүруге мүмкіндік беріп, шетелде емделуге қажетті үлкен шығындардан босатады», - деп мәлімдеді депутат.

Тегтер: