Елімізде үш мыңнан астам мектеп автобусы тексерілді
Жазғы демалыс қарсаңында ел аумағында балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға және жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Абайлаңыз — балалар!» республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың сөзінше, аталған акцияға екі мыңнан астам ұйым мен мекеме, оның ішінде 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым жұмылдырылды.
— Балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Көліктік бақылау органдарымен бірлесіп, үш мыңнан астам мектеп автобусы тексерілді. Тексеру нәтижесінде 400-ге жуық техникалық ақауы бар көлік құралы анықталып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 200-ден астам нұсқама берілді, — деді ол.
Сондай-ақ жас жол инспекторларымен бірлесіп, жолда жүру қағидаларын насихаттауға бағытталған мыңға жуық профилактикалық және үгіт-насихат іс-шаралары өткізілді.
— Полиция ата-аналарды, жүргізушілерді және барлық жол жүрісіне қатысушыларды жазғы демалыс кезеңінде барынша мұқият болуға шақырады. Балалардың қауіпсіздігі — әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Балаларды қорғап, жолда жүру қағидаларын сақтайық! — деді Ақтоты Боранова.