Елордалық мектептің оқу бағдарламасына жасанды интеллект енгізілді

9 Қыркүйек 2025

2023 жылдан бастап № 84 мектеп-лицейінің оқу процесіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана әкімдігі
Астана әкімдігі

Қазіргі таңда білім беру саласында заманауи технологияларды тиімді пайдалану — уақыт талабы. Осы бағытта елорданың № 84 мектеп-лицейі көшбасшылар қатарынан көрініп отыр.

Жаңа бастаманың негізгі мақсаты — білім сапасын арттыру, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыру және мұғалімдер мен оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

Мектеп инновацияны енгізуде Google Workspace for Education платформасын таңдады. Бұл орта мұғалімдер мен оқушыларға бірлескен жұмысты тиімді ұйымдастыруға жол ашады. Google Classroom, Google Docs, Google Sheets, Google Slides, Google Forms секілді құралдар сабақ жоспарын әзірлеуді, тапсырмаларды орындауды және жедел кері байланыс орнатуды жеңілдетеді.

Сонымен қатар оқу процесіне Gemini AI платформасы енгізілді. Жасанды интеллект мұғалімдер үшін бірқатар тиімділік ұсынады: оқу материалдарын әр оқушының жеке қажеттілігіне бейімдеу, автоматты түрде сұрақтар мен тест тапсырмаларын құрастыру, оқушылардың жұмысын әділ әрі жылдам бағалау, сабаққа дайындық уақытын қысқартып, тиімділікті арттыру.

— Жасанды интеллект технологияларын оқу процесіне енгізу — біздің мектеп үшін үлкен жетістік. Бұл қадам мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқушылардың білім алуына жаңа серпін береді. Ең бастысы — әр баланың жеке қабілеті мен қызығушылығына сай білім алуға жағдай жасалады. Біз оқушыларымызды болашақтың талаптарына сай, жан-жақты дамыған тұлға етіп тәрбиелеуді көздеп отырмыз, — дейді № 84 мектеп-лицейінің директоры Самал Нұғыманова.

Тегтер: