Енді Ural мотоциклі Қазақстанда құрастырылмақ
26 Сәуір 2022
Ural мотоциклінің өндірісі Қазақстанға көшіріледі.
Ural Motorcycles компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ресейде «Урал» мотоциклінің өндірісі тоқтайды. Өндіріс Қазақстанға көшіріледі.
«Биыл 7 наурызда Ресейдің Ирбит қаласында бөлшектерді жеткізу мүмкін болмағандықтан және Ресейден дайын жабдықты импорттауға тыйым салынғандықтан мотоциклдерді құрастыру тоқтатылды. Енді Ural мотоциклі Петропавл қаласында құрастырылады», – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ Ural Motorcycles негізгі басқарушы құрамы да Қазақстанға көшеді.
Айта кетейік, Ural мотоциклдерінің басым бөлігі батыс елдеріне, оның ішінде АҚШ-қа да экспортталатын.