Энергетика министрлігі әлеуметтік әріптестік бойынша жаңа құжат әзірлеп жатыр

30 Қыркүйек 2025

ҚР Энергетика министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы әлеуметтік әріптестік туралы жаңа Салалық келісімнің негізгі параметрлерін талқылауды бастады.

Энергетика министрлігі
Энергетика министрлігі

Министр Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен өткен кеңеске «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz» ұлттық компанияларының басшылары, «KAZENERGY» қауымдастығының өкілдері мен салалық кәсіподақ жетекшілері қатысты. Басқосуда жаңа құжат бойынша ортақ ұстаным қалыптасыру мәселесі талқыланды.

Стратегиялық маңызы бар саласындағы еңбек қатынастарын реттейтін қолданыстағы үш жылдық салалық келісім 2025 жылдың соңында аяқталады. Жаңа құжатты әзірлеу бойынша диалогты ерте бастау — шарттарды жүйелі әрі асықпай келісуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде саладағы тұрақтылық пен алдын ала болжам жасауды қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Қазіргі таңда болашақ құжаттың негізгі бөлімдері келісілген. Оған компания мен кәсіподақ өкілдерінен құралған жұмыс тобындағы 100-ден астам маман атсалысқан.

Қосымша талқылауды қажет ететін негізгі мәселе — еңбекақы төлеу механизмдері. Энергетика министрлігі бұл бағытта модераторлық қызмет атқаруда. Жұмыс берушілердің экономикалық мүмкіндіктері мен қызметкерлердің әлеуметтік талаптарын сай тиімді, ортақ шешім табуға арналған ашық диалог алаңын ұсынуда.

Жиында Ерлан Ақкенженов жаңа құжат еліміз үшін аса маңызды саланың алдағы үш жылдық тұрақтылығының негізі екендігін ерекше атап өтті. Қазірдің өзінде үлкен дайындық жұмыстары жүргізілгендігін айтып, конструктивті көзқарастары үшін компаниялар мен кәсіподақ өкілдеріне алғысын білдірді.

— Еңбекақы мәселелері әркез түйіткілді тақырыптардың бірі. Біздің ортақ міндетіміз — кәсіпорындардың экономикалық мүмкіндіктері мен мыңдаған қазақстандықтардың әлеуметтік кепілдіктері арасында әділ тепе-теңдік орнату. Министрлік диалогтың нәтижелі өтуі үшін барлық қажетті жағдайды жасап, құжаттың нақты әрі тиімді даму құралына айналуын қамтамасыз етеді, — деді министр.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар даулы мәселелерді келісудің келесі кезеңіне өтуге уағдаласты. Ендігі жұмыстар әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық комиссия деңгейінде жалғасады. Бұл құжатты толық аяқтап, белгіленген мерзімде қол қоюға дайындауға мүмкіндік береді.

Тегтер: