Ерлан Қарин әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды
Мемлекеттік кеңесші Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қорғаныс министрлігі жанындағы Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты.
Жиында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, сондай-ақ Абай және Қостанай облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысының әскери-патриоттық тәрбие саласындағы бастамаларын тиімді жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Ерлан Қарин желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердегі, басқа да құрылымдардағы әскери және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде жиын өткізгенін айтты. Оның қорытындысына сәйкес Президент заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, армиядағы тәрбие жұмысын жетілдіруге қатысты нақты тапсырмалар бергеніне назар аударды.
Осыған байланысты Мемлекеттік кеңесші әскери-патриоттық тәрбие саласындағы негізгі басымдықтарды айқындап берді. Атап айтқанда, әскери-патриоттық тәрбие жұмысына жалпыұлттық құндылықтарды енгізу, жастарды әскер қатарына шақырудың формасы мен тәсілдерін жаңғырту, Қорғаныс министрлігі мен қоғам арасында тиімді коммуникация арналарын қалыптастыру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірыңғай іс-қимыл жоспарын әзірлеу, ардагер ұйымдарымен өзара тиімді әрекет ету, әскери оқу орындары мен жастар қозғалыстарының әлеуетін нығайту, 2026 жылы өтетін «Айбын» әскери-патриоттық жиынын мазмұнды ұйымдастыру секілді басым бағыттарды ескеру маңызды.
Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша Ерлан Қарин мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие саласындағы жұмыс тәсілдерін жетілдіруге жауапкершілікпен қарау керек екенін ескертті.