Ерлан Қарин саясиландыруға болмайтын тақырыптарды атады

18 Қараша 2024

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин саясиландыруға болмайтын, эмоциясыз, салмақты пікіралмасу қажет тақырыптарды атады.

Ақорда
Ақорда

Qazaqstan телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасында Мемлекеттік кеңесшіге «Қоғамдық пікірталас кезінде аттап кетуге болмайтын шек, яғни редлайн болу керек дедіңіз. Бұл ұстаным қаншалықты дұрыс? Бұл ұстанымның соңы цензураға алып бармай ма?» — деген сауал қойылған еді. Осы орайда Ерлан Қарин билік өзінің ұстанымдарын қоғамға ашық, бұлтартпай жариялауы керектігін баса айтты.

«Оның үстіне, бұл ретте жасырып айтатындай немесе басқаша қабылдануы мүмкін деп уайымдайтындай негіз жоқ деп ойлаймын. Себебі, билік өз ұстанымдарын алдымен ашық жеткізуі тиіс және бұл ұстанымдар бәріне қажет. Ол қандай мәселе? Менің айтпағым, елімізде соңғы жылдары жүзеге асқан саяси реформаның нәтижесінде плюрализм, яғни көзқарас алуантүрлілігі, пікір алуантүрлілігі әбден орнықты. Әлеуметтік желіден, басқа жерлерден қарайтын болсақ, билікті сынауды айтпағанның өзінде кез келген мәселені көтеріп, айтып жатады. Қалаған формасында жеткізеді. Қалаған тақырыпты көтеріп, қозғайды. Бірақ, осы жағдайда кейбір тақырыптар, оның ішінде дін, тіл, ұлтаралық қатынастар, сыртқы саясат мәселелері бойынша қатты эмоцияға берілмей, байыпты, салмақты пікірталас жасау қажет. Бұл тақырыптарды талқылауға тыйым салынады дегенді білдірмейді. Бірақ, бұл тақырыптарды саясиландырмай, эмоциясыз, салмақты пікіралмасу қажет. Себебі, көп мемлекеттердің түбіне жеткен осы тақырыптар төңірегіндегі даулар. Біздің де қоғам әртүрлі, біркелкі емес. Еркіндік, бостандық және тәртіп ұғымдарының құндылықтары бір-біріне қайшы емес», — деді Ерлан Қарин.

Тегтер: