Ескі көлік салығы 50%-ға төмендейді – жаңа Салық кодексі жобасы

7 Қараша 2024

Жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ-дан жасалатын зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген.

 freepik.com
freepik.com

Бұл туралы ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаумен қатар, қоғам жиі көтеретін мәселелер шешіледі. Мәселен, жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген. Сондай-ақ қолдануы 10 жылдан асқан автомобильдер үшін салық сомасы 30%-ға, 20 жылдан асқан автомобильдер үшін – 50%-ға төмендетілетін болады», - деді департамент басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съездалды жиынында.

Сонымен қатар «Сән-салтанат» заттарына жоғары салық салу жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін де ұсыныстар қарастырылған.

«Жиынтық құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының жоғары мөлшерлемесін белгілеу; кедендік құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салу; қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу ұсыныстары енгізілген», - деді жаңа Салық кодексінің жобасы жайлы айтқан Ерлан Сағынаев.

Тегтер: