Ескі Қазақстанның елесі: «Сағым қуған съездерге» неге тоқтам жоқ?

5 Тамыз 2022

Ресми ақпаратқа сүйенсек, қыркүйектің ортасында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VII съезі өткізілмек екен. Оған Рим Папасының өзі де қатыспақ ойда екен.

Бір сұрақ: еліміз бен әлемдегі дәл қазіргі жағдайда осындай форум өткізудің нендей қажеті бар?

Меніңше, кезінде бір адам – Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана имиджін халықаралық алаңда таныту, оның әлемдік деңгейдегі қайраткер бейнесін жасау үшін жоспарланған осы іспетті даңғаза іс-шаралардың уақыты келмеске кетті.

Әлемдік және дәстүрлік саналатын діндердің өздері мойындайтын орталықтары бар екенін ұмытпайық. Олардың ішіне біз сияқты бір елдің араласуы, саяси пәтуа шығаруға тырысуы бір жағынан артықтау болар.

Оның үстіне, Біріккен ұлттар ұйымы, Еуроодақ, Еуропа кеңесі, ОБСЕ секілді бүкіл әлем мойындаған мүйізі қарағайдай халықаралық ұйымдар реттей алмай жатқан әлемдік саясаттың түйткілдерін өз жұртының, өз ұлтының ынтымағы мен тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай жатқан Қазақстан шеше алады дегенге де сену қиын. Сағым қуған съездердің бізге не керегі бар?

«Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді атам қазақ. Одан әрі «Құмырсқа жолыңды біл, Аяз би әліңді біл» деп нықтап, санада бекітіп тастайды әлгі ойды.

Жасыратыны жоқ, Ескі Қазақстан тұсында осындай даңғаза бастамалар көтеріп, оның соңы нақты шешімдер мен келісімдерге ұласпай, алыс-жақыннан келген меймандар ішіп-жеп кетіп, төрткүл дүние алдында талай ұятқа қалғанбыз.

ОБСЕ-ге төрағалық мәселесі шешілер алдында «Қазақстанда демократия орнатамыз!» деген уәдені үйіп-төгіп, діттегенімізге жеткен соң, оның бәрін «ұмытып» кеттік.

«Бұрын-соңды боп көрмеген ЭКСПО көрмесін өткіземіз» деп қыруар ақша жұмсап, аннан-мыннан қонақ шақырып, әлемді тағы бір шулаттық. Одан экономикамыздың көсегесі көгере қойған жоқ. Сол қаржыны нақты экономика мен экологияға жұмсағанда, ең болмаса, Астана мен Алматымыз көк түтіннен құтылар еді!

Бір сөзбен айтқанда, Жаңа Қазақстан құрушылар Ескі Қазақстан тұсында бекітілген осындай, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған» халықаралық форумдар мен басқа да бағдарламалардың тізімін қайта қарап шығуы керек.

Ескі Қазақстанның елесі: «Сағым қуған съездерге» неге тоқтам жоқ?
Тегтер: