Еуропаға бал экспорттауға рұқсат алдық — министр
Қазақстан Еуропа елдеріне бал экспорттауға рұқсат алды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты.

— Бүгінде Еуропа елдерінің тізілімінде 62 қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Биыл Қазақстан ЕО елдеріне бал экспорттауға ресми рұқсат алды. Сондай-ақ аквакультура, жылқы еті және сүт өнімдерін экспорттауға жол ашу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді ведомство басшысы.
Оның сөзінше, қазір елдегі 2 649 кәсіпорын Қытайға өнім экспорттап отыр.
— 2025 жылы Қытаймен құс етіне қатысты ветеринариялық талаптарды белгілейтін хаттамаға қол қойылды. Грузиямен ет бағытындағы ірі қара мен қой экспорты бойынша, Иранмен тұяқты мал жүнінің экспорты бойынша ветеринариялық сертификаттарға қол қойылды. Түркия, Ауғанстан және Пәкістанмен нарықтарды кеңейту бойынша келіссөздер жалғасып жатыр, — деді Айдарбек Сапаров.