Фермерлерді қаржылай қолдау күшейеді: кредиттер мен лизингті субсидиялау қағидасы өзгерді
Қазақстанда аграрлық секторды мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар қабылданды. Бұл туралы Жоғарғы аудиторлық палата мәлім етті.

2024 жылғы желтоқсанда Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізді. Аудит қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Осы тапсырмаларды орындау шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар негізгі бастаманы іске асырды.
Мәселен, ведомствоның 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспары жаңартылды. Ол жерді тұрақты пайдалануға және топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге баса назар аудара отырып қайта қаралды. Көміртекті егіншілікті дамытудың жол картасы әзірленді, бұл экологиялық таза өндіріске маңызды қадам болмақ.
— Кредиттер мен лизингті субсидиялау қағидалары өзектендірілді. Нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілді. Ескірген ережелер алынып тасталды, бұл реттеудің дәлдігін арттырып, фермерлердің қаржылық қолдауға қол жеткізуін жеңілдетеді, — делінген хабарламада.
Мал шаруашылығын қолдау шаралары түзетілді. Асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарға субсидиялар алынып тасталды. Сонымен қатар тауық етіне мемлекеттік қолдау енді өнімді республика ішінде сату жағдайында ғана қолжетімді болады. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша берілген басқа да тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.