Футзал: «Семей» Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне шықты
Қазақстандық «Семей» командасы UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі үшінші ойында «Пальма» командасына есе жіберді.
Семейлік клуб бұл кезеңде үшінші топта сынға түсіп жатыр. Алғашқы екі турда олар хорватиялық «Ново Вриемені» 3:2 есебімен жеңсе, одан кейін Португалияның «Спортингтен» 2:7 есебімен жеңіліп қалды.
Испаниялық клуб осал қарсылас емес. Өткен маусымда аталған турнирде жеңімпаз болған. Сондықтан қазақстандық команда үшін бұл ойын оңайға соқпады.
Бірінші кезеңде испаниялық клуб белсенді ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Лукас Машадо 2-минутта есеп ашса, семейлік клубтан Камиль Герейханов 5-минутта автоголдың авторы атанды. Одан кейін «Пальма» сапынан Алиссон 11, 18, 19-минутта хет-триктің авторы болса, Лин 13-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Оған семейлік клубтан Марсело 10, Бруно Гомес 13-минутта екі голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде семейлік клубтан Марсело 21-минутта есеп айырмасын қысқартса, Габриэль Кандидо 31-минутта өз қақпасына гол соғып алды. Ал 33-минутта қазақстандық командадан Бруно Гомес тағы бір мәрте көзге түсті. Осылайша «Семей» футзал клубы қарсыласына 4:7 есебімен есе жіберді.
Алайда бұл топта 3 ұпай жинаған «Семей» үшінші орынмен элиталық кезеңге жолдама алды.