Геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі 433 млрд теңгеге жетті

2 Сәуір 2026

Геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі 433 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы GECA 2026 халықарлық геологиялық форумда Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров айтты.

canva
canva

- 2023 жылдан бастап геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі шамамен 433 млрд теңгені құрады. Ал көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған қолданыстағы келісімшарттар саны 319-ға дейін өсті, - деді вице-министр.

Ерлан Акбаров Мемлекет басшысының еліміздің геологиялық зерттелген аумағының ауданын 2026 жылға қарай 1,5 млн-нан 2,2 млн-ға шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін 2022-2025 жылдар аралығында заңнамаға тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Оның ішінде «дәстүрлі емес көмірсутектер» ұғымын енгізу, электрондық аукциондар рәсімдерін оңайлату және күрделі жобалар үшін елеулі фискалдық преференциялар беретін Жақсартылған модельдік келісімшартты әзірлеу жұмыстары атқарылды.

- Жаңа шаралар әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік берді. Енді инвесторлардың аукциондық өтінімдердегі қателерді түзетуге құқығы бар және егер сейсмикалық зерттеулер бұрғылаудың перспективасыз екенін растаса, учаскені айыппұлсыз қайтару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жер қойнауын пайдаланушыларға әр кезеңде 300 мың АҚШ долларына дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді ол.

Вице-министр дерегінше, саланы цифрландыру және ашықтықты арттыру аясында 11 аукцион өткізіліп, нәтижесінде 55 млрд теңге сомасына инвестициялық міндеттемелері бар 121 учаске іске асырылды.

Тегтер: