Қайрат Сатыбалды кінәсін толықтай мойындады

1 Сәуір 2024

2022 жылдың наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілініп, кейін өзге де заңсыз әрекеттері әшкере болып, ақыры 6 жылға бас бостандығынан айырылған кәсіпкер Қайрат Сатыбалды тағы сот алдында жауап берді. Оның мәселесі Астанада Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралды.

Қайрат Сатыбалды кінәсін толықтай мойындады

Сотта прокурор айыптау актісін жариялады. Қайрат Сатыбалдыға ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы, атап айтсақ «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті заңдастыру» бабы бойынша айып тағылуда. Сонымен қатар, осы баптың үшінші бөлігінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді аса ірі көлемдегі заңдастыру айыбы бар. Ол үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. 

Айыптаушы тараптың мәліметінше, Қазақстанда жылжымалы және жылжымайтын мүліктің жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден астам, Ресейде — 840,57 млн ​​рубль (4,2 млрд теңге), БАӘ-де — 162,15 млн дирхам (20,4 млрд теңге), Францияда — 8,3 млн еуро (4,15 млрд теңге), Түркияда – 65,2 млн лира (4,25 млрд теңге).

Кәсіпкер Қайрат Сатыбалды ақшаны жылыстату ісі бойынша өткен бірінші сот отырысында өз кінәсін толық мойындады. Ол өзіне ұрланған қаражат көлемімен келісетінін жеткізді.

«Кінәмді толығымен мойындаймын, құрметті сот», — деді айыпталушы.

Сот отырысы белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды. Осы уақыт ішінде Сатыбалды кінәні мойындау туралы келісім түріндегі процессуалдық келісімді және заңсыз алынған мүлікті қайтаруды талқылауға ниет білдірді.

Тегтер: