Қаңтар ұйымдастырушылары қатарында Мәсімов те бар
ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшыларының әлсіздігі жеке құрамның рухын түсірді.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті.
«Аумақтық күштік органдар басшыларының билікті асыра пайдалануы туралы фактілерге жеке тоқталғым келеді. Жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жеткен кезде Алматы қаласы, Алматы облысы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамының барлығы өз ғимараттарын тастап кеткен», – деді Берік Асылов.
Тергеу мәліметі бойынша 5 қаңтарда жеке құрамның ғимараттан кетуге дайындалуы керектігі жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтың нұсқау келіп түскен.
«Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен. Турасын айтқанда, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақытылы қабылданбаған», – деді Бас прокурор.